«Астана» Румынияда камбэк жасады

Редактор
09.08.2024, 01:12

Қарымта матч бір аптадан кейін Алматыда өтеді

Астана ФК

УЕФА Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында елорданың «Астана» клубы сырт алаңда жеңіске жетті.

Сибиуде (Румыния) өткен ойында жерлестеріміз жергілікті «Корвинулмен» кездесіп, матч 1:2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

Бірінші таймда Антонио Манолаке бұрыштама добынан кейін мергендік танытып, «Корвинул» клубын алға шығарған. Бірақ, үзілістен кейін жағдай өзгерді. Бабаян шәкірттері есін жиып, жеңісті жұлып алды. Алдымен Камара жеке шеберлігінің арқасында таразы басын теңестірсе, артынша Чинеду 80-минутта камбэк жасады.

Енді қарымта ойын бір аптадан кейін Алматыда өтеді.

Бұған дейін «Астана» Молдованың «Милсами» клубын екі матчтың қорытындысы бойынша қапы қалдырған болатын.

«Корвинул» (Хунедоара, Румыния) — «Астана» (Астана, Қазақстан) –1:2 

Голдар: Манолаке, 37 (1:0). Камара, 62 (1:1).Чинеду, 80 (1:2)