Соңғы матчты астаналық команда 15 желтоқсанда викториялық «Пльзеньге» қарсы өткізеді
Еуропаның Конференция лигасында өнер көрсетіп жатқан «Астана» футбол клубы кезекті рет жеңілді. Өз алаңында Загребтің «Динамосын» қабылдаған жерлестеріміз өз қақпасына жауапсыз екі гол жіберіп алды.
Хорватиялық команда сапынан 48-минутта Габриел Видович есепті ашса, 79-минутта Такуро Канэко есепті еселеді.
Айта кету керек, матчтың 12-минутында төреші «Астананың» пайдасына пенальти белгілеген. Алайда, Дембо Дарбо 11 метрлік айып добын соға алмады. Ал, 72-минутта астаналық клуб сапынан Душан Йованович екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.
Осылайша, «Астана» өз тобында төртінші орынға табан тіреп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін қиындатып алды.