«Тоқаевқа айтамын»: Қызметінен қуылған «Тобылдың» ресейлік директоры шулы мәлімдеме жасады

Редактор
01.12.2023, 13:12

Ол клубта алаяқтар мен альфонстардың бар екенін айтты

Чемпионат.ру

Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының бас директоры болған Андрей Канчельскис өзінің күтпеген жерден жұмыстан босатылуына қатысты мән-жайды айтып, сұхбат берді. «Манчестер Юнайтед» клубы мен Ресей құрамасының экс-ойыншысы болған ол БАҚ-қа берген сұхбатында бірталай жайттың бетін ашып отыр.

«Менімен клуб арасындағы келісімшартты тоқтатып, ештеңе айтпастан жұмыстан босатты. Бұның барлығы қандай заңда жазылған және не үшін болып отыр? Бұл құжат дұрыс рәсімделді ме? Мен барлығы не үшін болғанын білгім келеді. Түсінуімше, олар мұны клуб иесі Қалдияров пен директор Сейітқазиновтың алаяқтың істерін әшкерелегенім үшін жасап отырса керек. Бірақ мен осымен тоқтамаймын. Заңгерлер бұл туралы қазір бәрін қарап жатыр», - деді ол.

Канчельскистің айтуынша, клубпен арадағы келісім 2024 жылдың 17 шілдесіне дейін жарамды көрінеді.

«Мен клубта алаяқтар барын айттым. Бұл Қалдияров басшылықты өтірігіне сендіре алды. Бұдан бөлек мен оны альфонс деп атар едім. Себебі, әйелінің есебінен өмір сүріп жүр. Ер адам үшін бұл ұят жағдай. Ақшасы көп әйелге үйленіп алған адам. Оның жұбайы өте ауқатты отбасынан. Сонымен қатар, Калдияров пен Сейітқазиндердің заңмен де белгілі бір проблемалары бар. Альфонс адам клубқа қалай кіре алады? Ойлаңызшы, әйелінің есебінен өмір сүретін және заңмен үлкен проблемасы бар адам! Сұмдық қой. Бұл туралы үнсіз қалуға болмайды. Бұл тек бастамасы ғана», - деді клубтан қуылған Канчельскис.

Осылай деген ресейлік маман жағдайдың барлығын жергілікті телеарна эфирі арқылы жанкүйерлерге жеткізбек болған. Бірақ журналистерге барлығын баяндағанымен сұхбаты эфирге шықпай қалған көрінеді.

«Неліктен сұхбатты көрсетуге тыйым салғанын және кім істегенін анықтаймын. Бұл орайда барлығының көзі ашылады. Қазақстан президенті Тоқаевқа алаяқтардың ісі, олардың футболға қалай зиян тигізіп жатқанын айтқым келеді. Ресей Федерациясы, Қазақстан, Англия футбол федерациясы немесе ФИФА арқылы шығып, барлығын айтып беремін. Бүкіл футбол әлемі менің сөзімді сөйлейді», - дейді Канчельскис.

Бұған дейін аталған шулы жағдайға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та пікір білдірген еді. Ол клубтың бас директорына қатысты жайдан хабарсыз екенін, алдағы уақытта мәселенің мән-жайын анықтайтынын жеткізген болатын.