Шымкенттік клуб биыл да ел чемпионы атануы мүмкін
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясында ел чемпионы «Ордабасы» сырт алаңда қарағандылық «Шахтермен» ойнап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Айта кету керек, матчтың небәрі 15-минутында шымкенттік команда сапынан Сергей Малый «қызыл қағаз» алып алаңнан қуылған. Он ойыншымен қалғанына қарамастан «Ордабасы» қарсылас қақпасына үш гол соғып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
Шымкенттік клуб сапынан өзбек легионері Джасурбек Яхшибоев дубль авторы атанса, Артем Беседин бір голмен көзге түсті. Ал, «Шахтердан» Милан Джокич мен Дмитрий Лисакович бір-бір голдан қарсылас қақпасына соға алды.
Осылайша, «Ордабасы» ұпай саны жағынан турнир көшбасшысы «Қайратты» қуып жетті. Десе де, шымкенттіктер екі ойын кем ойнаған. Ал, «Шахтер» болса сегіз ұпаймен турнир кестесінің ең соңғы 13-сатысында келеді.