«Ақтөбе» өз алаңында маңызды ұпайдан айрылып қалды

Редактор
18.08.2024, 23:04

Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аяқталды

Ақтөбе ФК

Футболдан биылғы ел чемпиондығына басты үміткердің бірі – «Ақтөбе» клубы өз алаңында ұпай жоғалтты. Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған Парфенов шәкірттері 1:1 есебімен тең ойнап, турнир кестесінің көшін бастау мүмкіндігінен айрылды.

Матчтағы есепті 22-минутта Арман Кеңесов ашқан. Алайда, ақтөбеліктер жеңісті ұстап тұра алмады. Екінші таймда «Қайсар» сапынан черногориялық легионер Горан Милойко дәл соққысымен көзге түсіп, есепті теңестіріп кетті (60-минут). Мұнан кейін «Ақтөбе» ойыншылары толассыз шабуылдағанымен, гол соға алған жоқ.

Осылайша, 16 ойыннан 30 ұпай жинаған «Ақтөбе» турнир кестесінің екінші сатысында қалды. Бірінші орында 31 ұпаймен Алматының «Қайраты» тұрса, 29 ұпайы бар «Ордабасы» оларды өкшелеп келеді. Шымкенттік команданың ойналмаған екі ойыны бар екенін ескеру қажет.