Қатерлі ісікке шалдыққан Англияның экс-бапкері Эрикссон қоштасу хатын жазды

Редактор
22.08.2024, 00:51

Соңғы жылдары ол туған жеріне оралып, жергілікті клубтардың бірінде жұмыс істеген еді

Michael Dodge / Getty Images

Футболдан Англия құрамасының бас бапкері болған әйгілі Свен-Йоран Эрикссон қатерлі ісікке шалдығып, өмірінің соңғы күндерін сүріп жатыр. Швед маманы осы орайда қоштасу хатын жазып, жұртты мұңаймауға шақырды.

«Мен жақсы өмір сүрдім. Біз бәріміз өлімнен қорқамыз, сол күннің келуінен қорқамыз. Бірақ, өлім – өмірдің бір бөлігі. Біз оны қабылдай алуымыз керек.

Сіздер мені қолдан келгеннің бәрін істеуге тырысқан жақсы жігіт ретінде есте сақтайсыздар деп үміттенем. Мұңаймаңыздар, күлімдеп жүріңіздер. Бәрі үшін рахмет, бапкерлер, ойыншылар, жанкүйерлер, бәріңе рахмет, бұл өте күшті кезең болды. Өздеріңізді, өз өмірлеріңізді сақтаңыздар. Сол өмірді лайықты сүріңіздер. Сау болыңыздар», - деп жазды ол қоштасу хатында.

Эрикссон Швецияда туып өсіп, сол елдің клубтарында доп тепкен. Бапкерлік мансабында Португалияның «Бенифкасын», Италияның «Рома, Фиорентина, Сампдория», «Лацио» клубтарын, Англия ұлттық құрамасын, «Манчестер Ситиді» жаттықтырды.

2022-2023 жылдары Эрикссон туған жеріне оралып, «Карлстад» клубына бапкер болды. Биыл оның қатерлі ісігі асқынып, аурудың соңғы кезеңіне жетіп отыр.