«Астана» ерекше камбэк жасап, Конференция лигасының топтық кезеңіне өтті

Редактор
29.08.2024, 21:41

Матчтағы голдың бәрі екінші таймда соғылды

Астана ФК

UEFA Конференция лигасының плей-офф кезеңінде қазақстандық «Астана» Норвегияның «Бранн» клубын жеңді.

Бір апта бұрын Норвегияда өткен матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Алматыдағы қарымта матчта камбэкке куә болдық. 

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ал, екінші кезеңде Бабаян шәкірттері қарқын қосып, қатарынан үш гол соқты.

Ойынның 61-минутында астаналық командадан Джеффри Чинеду әуелете берілген пасты қақпаға дарытты.

Ол 81-минутта тағы бір мәрте мергендік танытты. Ал 91-минутта қосалқы құрамнан шыққан Рамазан Кәрімов арада минут өтпестен норвегиялық қорғаушылардың өрескел қателігін шебер пайдаланып кетті.

Осылайша «Астана» екінші жыл қатарынан Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді.