Бірде-бір ойында жеңіске жетпеген Магомед Адиев «Ахматтан» кететін болды

Редактор
30.08.2024, 13:30

Ол былтыр Қазақстан құрамасын жаттықтырып, айтарлықтай табысқа жеткен еді

Ахмат ФК

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев Шешенстанның «Ахмат» клубынан кетуге жақын екенін айтты.

Өйткені Адиев чемпионатта өткізген алты матчтың бірде-бірін жеңе алған жоқ. Турнирлік кестеде 16 команда арасында соңғы орында келе жатыр.

«Ахмат» клубынан кететін уақытым жақындады. Бұған өте сабырлы қараймын. Бұл неге байланысты? Бірінші кезекте командада жеңіс жоқ. Екіншіден, өзімде анықтап алатын мәселелер бар. Былтырғы маусыммен салыстырғанда жақсы жағынан өзгеріс бар ма жоқ па?  Соны түсінуім керек. Осы нюанстарды анықтау қажетпіз», - деді Адиев «Матч ТВ» арнасының эфирінде.

Алты матчта төрт ұпай жинаған «Ахмат» осылайша аутсайдерлер қатарында келеді. Көш басында «Зенит», «Динамо М» және «Локомотив М».

Айта кету керек, «Ахмат» сапына биылдан бастап Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов қосылған. Алайда, жарақатына байланысты ол әлі дебюттік ойынын өткізген жоқ.