«Ордабасы» мен «Ақтөбе» жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалды

Редактор
31.08.2024, 22:53

«Ақтөбе» бапкері енді отставкаға кетуі мүмкін

Елімай ФК

Қазақстан Премьер-лигасы 19-турының алғашқы жарыс күні аяқталды. Барлығы үш матч болып, кеше ғана фавориттер қатарында тұрған «Ордабасы» төртінші орыннан бір-ақ шықты.

Қостанайда өткен «Тобыл» мен «Атырау» матчында есепті Николай Сигневич ашып, «мұнайшыларды» алға шығарған. Дегенмен екінші таймда Ислам Чесноков таразы басын теңестірді. Ойын 1:1 болып аяқталды.

Ал «Ақтөбе» мен «Елімай» арасындағы кездесу күтпеген нәтижемен аяқталды. Алғашқы болып пенальтиден «Ақтөбе» салғанымен, қонақтар камбэк жасады. Үзіліске дейін стандарттан Самюэль Одеоибо есепті теңестірді. Екінші таймда «Елімай» белсеніп, тағы екі гол салды. Қорытынды есеп – 1:3. Осыдан кейін «Ақтөбе» бапкері отставкаға кетуі мүмкін.

Сондай-ақ Қызылордада «Қайсар» да камбэк жасады. «Қасқырлар» былтырғы чемпион Шымкенттің «Ордабасы» клубымен кездесіп, жеңісті жұлып алды.

Шымкент командасына бас бапкер болған Кирилл Кеккер бұған дейін жазда «Қайраттың» бапкері ретінде «Қайсардан» жеңіліп қызметінен кеткен. Бұл жолы «Ордабасымен» де қызылордалықтарды ұта алмады.