«Холандты жеке тұсап ұстау нәтиже бермейді». Қазақстан- Норвегия матчына болжам айтылды

Редактор
06.09.2024, 11:09

Станислав Черчесов тәжірибелі маман ретінде жоспар құратынына сенім білдірді

Sports.kz

Бүгін Алматыда Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы Қазақстан-Норвегия матчы өтеді. Осы ойынға қатысты ұлттық құраманың экс-шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек болжам жасады.

«Бұл біздің күшімізді тексеретін кезекті матч. Қазақстан Норвегияның еркін көсіліп ойнауына мүмкіндік бермейді деп ойлаймын. Былтырғы Даниямен матч секілді болады деп күтемін. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңін жақсы өткіздік. Сол биіктен түспеуіміз қажет. Оның үстіне Норвегияны өз алаңымызда қабылдаймыз. Қызықты матч күтемін. Холанд немес Эдегорға акцент қоюудың қажеті жоқ. Өйткені футболды 11 адам ойнайды. Алаңның әрбір бұрышында допқа талас жүргізу қажет. Меніңше, Холандқа қарсы жеке қорғаушы қойып, оны тұсап ұстаудың қажеті жоқ. Бұл жерде командалық футбол көрсету маңызды», - дейді Бауыржан Тұрысбек Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Ол бас бапкер Станислав Черчесов тәжірибелі маман ретінде Ұлттық құрамаға мотивация беріп, ойынын қалыптастыра алады деп сенеді. Сонымен қатар Қазақстан жеңеді деген болжам айтты. 

«Құрамаға көптеген жаңа ойыншылар келді, бірақ негізгі құрам сақталды. Аса қатты ештеңе өзгерген жоқ. Енді ойнау қажет. Бастысы, жігіттер өздеріңе сенулері қажет. Меніңше, кездесу 2:2 емесе, Қазақстан 2:1 есебімен жеңуі тиіс. Қазақстан құрамасына сенемін», - дейді футболшы.