«Ақтөбе» ресейлік бапкерді қуып, орнына украиналық маманды шақырды

Редактор
06.09.2024, 21:48

56 жастағы маман Украинаның екі дүркін чемпионы атанған

әлеуметтік желі

«Ақтөбе» футбол клубы жаңа бапкерін таныстырды. Енді маусым соңына дейін команданы украиналық Игорь Леонов жаттықтырады.

56 жастағы маман футболшы ретінде донецкілік «Шахтер» намысын қорғап, кеңестік Украинаның екі дүркін чемпионы атанған.
 
2006 жылы бапкерлік мансабын бастап, тап сол «Шахтер» жастар командасының тізгінін ұстайды. Кейіннен украиналық «Ильичевец», «Мариуполь», «Арсенал» (Киев), «Минай» және «Нива» (Винница) сияқты ұжымдарда бапкер қызметін атқарады.
 
Леонов биылғы жылдың басынан бері «Ақтөбе» ФК футбол орталығында еңбек етіп жүрген болатын.

Айта кетейік, бұған дейін клуб басшылығы ресейлік маман Дмитрий Парфеновтен құтылған болатын. Ол соңғы матчында өз алаңында Семейдің «Елімай» клубынан жеңілген.