«Бешикташ» жанкүйерлері Зайнутдиновтың командадан кетуін талап етуде

Редактор
05.12.2023, 14:36

Клубтың соңғы кездесуінде қазақстандық футболшы ең пайдасыз ойыншы деген баға алды

ФК "Бешикташ"

Стамбұлдың «Бешикташ» клубында ойнайтын қазақстандық жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдиновтың командадан кетуін жанкүйерлер талап етіп жатыр. Соңғы матчта стамбұлдықтар астаналық «Анкарагюджю» командасымен тең ойнап, маңызды ұпайдан айрылған болатын.

Еске салайық, мұрны сынып, бетінен жарақат алған Бақтиер ұзақ уақыт емделгеннен кейін, өткен апта қатарға қосылған болатын. Алдымен Еуролига аясында «Брюгге» клубына қарсы ойында алаңға шықса, кешегі демалыста «Анкарагюджюмен» болған матчта негізгі құрамда ойнады. Алғашқысында «Бешикташ» 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Ал, анкаралық футболшылармен 1:1 есебімен тең ойнады.

Осыдан кейін-ақ стамбұлдық фанаттар Зайнутдиновке Twitter желісінде шабуыл жасаған деп жазады Sports.kz. Жанкүйерлердің бірі Қазақстан футболшысы біздің деңгей емес десе, екіншісі оны дарынсыз футболшы деп жазыпты. Сондай-ақ, оның өз ақшасын ақтамай жүргенін, үлкендерше футбол ойнай алмайтынын да ашық айтқан. Барлығы да оның командадан кетуін талап етіп отыр.

Қазір «Бешикташ» Түркия суперлигасында турнир кестесінің үшінші орнында келе жатыр.