Аталған стадионда өткен алғашқы матчта жасыл алаңды су шайып кеткен болатын
Осыдан санаулы уақыт бұрын Түркістанда салынған су жаңа «Тұран Арена» стадионы небәрі бір маусымнан кейін жөндеу жұмыстарына жабылып қалған. «Құрылысына 40 млн еуро жұмсалған нысанды жөндеуге тағы да 600 млн теңге бөлінген» деп хабарлады блогер Оңғар Қабден.
Есте болса, Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейін шаһарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүрген еді. Әр облыс сый ретінде түрлі ғимараттар салып берді. Ал, небәрі 7 мың орынға шақталған «Тұран Аренаның» құрылысын BI Group компаниясы өз мойнына алған болатын.
Нысан салтанатты ашылып, ол жерде алғашқы матч болған күні Түркістанда жаңбыр жауып, жасыл алаңды су шайып кеткені көпшіліктің есінде. Мұны мамандар ирригациялық жүйенің дұрыс жасалмағанымен түсіндіріп жатты.
Ал, Оңғар Қабденнің бұл ақпаратына белгілі файтер, MMA шебері Қуат Хамитов көп күттірмей үн қосты. Отандық футболды бірнеше жылдан бері сынап жүрген балуан «мұны тоқтататын біреу бар ма?» деп жазды өзінің Instagram-парақшасында.