Словения Қазақстан футболшыларын ойсырата жеңді

Редактор
10.09.2024, 01:41

Шабуылшы Шешко хет-трик авторы атанды

Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан УЕФА Ұлттар лигасындағы екінші ойынын Словенияға қарсы өткізген Қазақстан құрамасы ойсырай жеңілді. Любляна қаласында өткен матчтың қорытынды есебі – 3:0, алаң иелерінің пайдасында.

Айта кету керек, ойын алдында сіркіреп жауа бастаған жаңбыр уақыт өте қарқын алып, ойыншылардың еркін көсілуіне айтарлықтай кедергісін келтірді. Тіпті, Қазақстан қақпасына кірген екінші голға да жауын жанама әсер етті десек артық айтқандық емес. 

23-минутта Беньямин Шешко қақпашы Шацкийдің қақпадан бірашама алыстап кеткенін байқап, допты үстінен асыра салды, есеп – 1:0. Арада небәрі бес минут өткенде тағы сол Шешко қақпашының қолынан тайып шығып кеткен допты бос қақпаға сырғыта салып, есепті еселеді.

Ал, екінші таймның орта тұсында (63-минут) қапталдан көтерілген допқа ең жоғары секірген Беньямин Шешко Қазақстан қақпасына үшінші голын соғып, ойындағы нүктені қойды және хет-трик авторы атанды.

Келесі матчты Черчесов шәкірттері 10 қазанда сырт алаңда Аустрия құрамасына қарсы өткізеді.