Қазақстан футбол құрамасының ФИФА рейтингіндегі орны белгілі болды

Редактор
10.09.2024, 10:07

Соңғы матчта Черчесов шәкірттері Словениядан ойсырай жеңілген болатын

Қазақстан футбол федерациясы

ФИФА ұлттық құрамалардың рейтингін жаңартты. Жаңа маусымда Ұлттар лигасы аясында екі ойын ойнап үлгерген Қазақстан бір сатыға төмендеп отыр.

Былтыр 100-ші орынға дейін көтерілген біздің ұлттық құрама төмен құлдырай келе 109-шы орынға табан тіреді. Бір ай бұрын 108-ші орында болатынбыз.

Айта кетейік, Ұлттар лигасының жаңа маусымында Станислав Черчесов шәкірттері екі матч өткізіп үлгерді. Алдымен өз алаңында Норвегияны қабылдап, 0:0 есебімен тең ойнаса, 9 қыркүйекте Словениядан 0:3 есебімен ойсырай жеңілді.

ФИФА рейтингінің көш басында бұрынғыша Аргентина құрамасы келеді. Биыл Месси ойнайтын команда Америка кубогін жеңіп алған. Екінші орында Франция тұрса, үшіншіге Еуропа чемпионы – Испания құрамасы жайғасқан.