«Күмәнді пенальти». «Ақтөбе» Қазақстан кубогының иегері атанды

Редактор
29.09.2024, 19:39

Соңғы рет «Ақтөбе» 2008 жылы топ жарған

"Ақтөбе" ФК

Футболдан Қазақстан кубогының финалы өтті. Алматыда «Ақтөбе» мен «Атырау» кездесті.

Шешуші кезеңде «Атырау» есеп ашқан. Беларусь легионері Николай Сигневич бірінші таймда баспен гол соққан.
Сосын ойын соңында төреші Данияр Сахи «Атырау» қақпасына күмәнді пенальти белгіледі. Оны қорғаушы Әлібек Қасым сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Бұдан кейін бірден келесі шабуылда Фредди Гондола «Ақтөбенің» жеңіс голын соқты.

Осылайша, Игорь Леонов шәкірттері араға 16 жыл салып, Қазақстан кубогына ие болды. Соңғы рет «Ақтөбе» 2008 жылы дәл осы Алматыдағы стадионда топ жарған.

Кубок иегері келесі маусымда Қазақстан намысын Еуропа лигасында қорғайды.
«Атырау» - «Ақтөбе» - 1:2
Голдар: Сигневич, 24 (1:0). Қасым, 89-пенальтиден (1:1). Гондола, 90 (1:2).