Олардың көбі Қазақстанның сәтті өнер көрсетеріне сенбейді
Қазақстанның футбол құрамасы Ұлттар лигасында үш матч өткізіп, бірде-бір гол соға алған жоқ. Алғашқы ойында Норвегиямен тең ойнаса (0:0), қалған екі матчта қақпамызға жауапсыз жеті гол кірді. Мұнан кейін қоғамда бас бапкер Станислав Черчесовтың отставкасы туралы айтыла бастады.
Десе де, ресейлік маманның біраз жерлесі Қазақстанның сәтсіздігіне бас бапкердің еш кінәсі жоқ деп есептейді. Ал, Черчесов өте білікті маман көрінеді. Мәселен, белгілі спорт комментаторы Дмитрий Губерниевтің пікірінше, бапкердің тағайындалғанына аз ғана уақыт болған, ал нәтиже көрсету үшін тағы біршама уақыт керек.
«Черчесов үшін қазір өте қиын жағдай және мен оны бұл сәтте қолдаймын. Тағайындалғанына өте аз уақыт өтті. Оның командасының жақсы нәтиже көрсетуіне тек бапкерлік шеберлік қана емес, сәттілік те серік болуы керек. Мен оған осы сәттілікті тілеймін. Черчесов – жақсы бапкер. Оның командасы тезірек есін жиып, Саламовичте бәрі жақсы болады деген үміттемін. Оған қазір жан-жақтан болып жатқан соққыны ұстай білу керек, барлық қиындықтан өтуі тиіс», - деп жазды Губерниев өзінің Telegram-парақшасында.
Ал, мәскеулік «Локомотив» клубының бұрынғы президенті Николай Наумов болса Қазақстан құрамасының бұл масумыда жеңістерге жетеріне күмәнмен қарайды.
«Мен Черчесовты бұрыннан білемін және оған жанкүйермін. Бірақ, Қазақстан құрамасы онымен бірге жетістіктерге жетеді дегенге сенбеймін. Олар барлық жетістікке тез жеткісі келеді. Балалар футболын дамытпай мұндайға жету мүмкін емес. Резервті қалай жасақтайсың – жетістігің де соған байланысты. Өкінішке қарай, Қазақстанда балалар футболы мүлдем дамымаған.
Сондықтан алдымен осы проблеманы шешіп алу керек. Футболшылар саңырауқұлақ емес, бір түнде өсіп шықпайды. Бұл жеңілістерге Черчесовтың не кінәсі бар? Ол қолда бар ойыншылармен ғана ойнап жатыр», - деді Наумов rusfootball.info сайтына берген сұхбатында.
Ресейлік бапкер Анатолий Байдачный болса «Чемпионат» сайтына берген сұхбатында Қазақстанның жеңілістері таң қалатын құбылыс емес, заңдылық екенін айтады.
«Қазақстан құрамасының бірде-бір гол соға алмауы түсінікті, қарсыластарының бәрі азулы, өте ауыр матчтар болды. Бірақ, қазіргі таңда елде футбол деңгейі көтерілген, сондықтан жергілікті жарнкүйерлерге бұл жеңілістер ауыр тиіп отыр. Олар неге мұндай есептер тіркеліп жатқанын түсінбейді. Оның үстіне, Адиевтің жетістіктеріне де әбден қанаттанып алған.
Енді қарсыластар Қазақстанға басқаша көзқараспен қарайды, менсінбеушілік болмайды. Жанкүйерлер тарапынан да қысым жоғары болады. Сондықтан, Черчесовке енді одан әрі де ауыр болады», - деді Байдачный.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының B дивизионында өнер көрсетіп жатыр. Келесі ойынын Черчесов шәкірттері 13 қазанда өз алаңында Словенияға қарсы өткізеді.