Қазақстанның бірнеше клубы қазір Алматыда ойын өткізіп жүр
Алматының «Қайрат» футбол клубы жақын болашақта өзіне тиесілі жаңа стадион салмайды. Бұл туралы клубтың иесі Қайрат Боранбаев «Коммент.Шоу Казахстан» YouTube-каналына берген сұхбатында айтты.
Ал, Алматының Орталық стадионына жүргізілгелі жатқан реконструкцияға «Қайраттың» еш қатысы жоқ екен.
«Орталық стадионның реконструкциясына қатысты келіссөздер жүріп жатқанын білем, бірақ біздің оған еш қатысымыз жоқ. Басқа жерден өз стадионымызды салғымыз келе ме? Әрине салғымыз келеді. Ол үшін 10 гектар жер керек. Біз жерді өз базамыздың жанынан қарастырдық. Ол жерде жай ғана жер сатып алу үшін 20 миллион доллар қажет», - деді Боранбаев.
Айта кету керек, «Астана Аренаның» күрделі жөндеуден өтіп жатқанына байланысты Ұлттық құрама үйдегі ойындарын Алматының Орталық стадионында өткізіп келді. «Астана» командасы да Конференция лигасындағы биылғы матчтарын осында ойнайды.