Қазақстанның бас бапкері Ресейдің телеарнасына сұхбат берген
Футболдан қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ футболшылардың аты-жөнін жаттай алмай қиналып жүргенін айтты. «Россия-1» телеарнасына сұхбат берген ресейлік маман тегінің бірінші әрпі Ж-дан басталатын ойыншыларды шатастыратынын жасырмай айтқан.
«Мен оларды үнемі шатастырамын, өйткені бәрінің тегі Ж әрпінен басталады: Жақсыбаев, Жақсылықов, Жұмаханов», - деді ол сөз арасында.
Белгілі блогер, «Ертіс» ФК өкілі Насима Қорғанбекова Черчесовтың бұл сөзін ұлтаралық араздықты қоздыру деп бағалап отыр және оны шовинист деп айыптады. Бас бапкер қызметінде бес ай жұмыс істеп, 4-5 ойыншының атын жаттай алмау мүмкін емес дейді ол.
«Станислав Черчесовтың Қазақстан құрамасына бас бапкер болғанына бесінші ай болды. Бұл шовинист ұлтаралық араздықты қоздырып отыр. Ойыншылардың аты-жөнін жаттай алмай жүрмін дейді. Біздің қыруар қаржыны алып, Ұлттық құраманың бір ойыншысының атын жаттай алмаса не істеп жүр? Демек, оған емделу керек», - деп жазды Қорғанбекова өзінің Telegram-каналында.
Оның айтуынша, Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде жылына 1,2 млн еуро жалақы алады екен. Соған қарамастан, ол жаттықтыратын команда әлі бірде-бір гол соқпаған.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы Черчесовпен бірге Ұлттар лигасыгда үш матч өткізіп, оның екеуінде ірі есеппен жеңілді және біреуінде 0:0 есебі тіркелді.