«Қазақ тіліне құрмет көрсетпейтіні бірінші рет емес»: Черчесовтің әрекетін өзбекстандық БАҚ талқылап жатыр

Редактор
16.10.2024, 09:05

Ресейлік маман ұлттық құрамамен әлі бірде-бір ойында гол соққан жоқ

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің баспасөз мәжілісіндегі кезекті рет қазақ тіліне қатысты әзілдегені Өзбекстанның ақпарат құралдарында талқыға түсті.

Өзбектердің Stadion.uz сайты бұл туралы былай жазған:

«Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде қойылған сауалға сәтсіз әзілмен жауап берді. Осыдан кейін Черчесов елде сынға ұшырады. Бұл оның тарапынан болып жатқан бірінші жағдай емес. Бұған дейін де мемлекеттік тілге қатысты сынға қалған еді. Қазақстанның туризм және спорт министрі осыған байланысты футбол федерациясынан түсіндірме талап етті. Хатта мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңына сәйкес жоғары тұратыны және оған барлық азаматтың құрмет көрсетуі керектігі айтылған. Министрлік Қазақстандағы спорт саясатын қалыптастырып, жүргізетін ведомство болғандықтан, түсініктеме талап еткен», - дейді БАҚ. 

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында марқұм Амангелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың, французша ма?» деп сөзін бөлді. Сонан соң басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Бұған дейін Станислав Черчесов Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалғанда журналист Нұрсұлтан Құрманмен де тіл тұрғысында сөзге келіп қалған еді. Қазақша сұрақ қойған журналистке ресейлік маман ескерту жасап: «сен қазақша сұрасаң, мен осетинше жауап берейін» деп ұрысқаны есте. Артынша қоғам шулаған соң кешірім сұрап, қазақ тілін үйренуге уәде берді.

Черчесовтың ұлттық құрамамен жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесі де мәз емес. Ол ресми төрт матч өткізіп, үшеуінде жеңілді, бірде-бір гол соққан жоқ.