Ол Ресей құрамасымен де көп гол соққан емес
Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін ұстағалы төрт матч қатарынан гол соққан жоқпыз. Бұрын жеңілсек те, бір гол кіргізуге қауқарымыз жететін. Қазір оған да зар болдық.
Осы ретте біз футболшы ретінде бұрын амплуасы қақпашы болған, кейін бапкерлікке ауысқандарға шолу жасамақпыз.
Жалпы, көптеген қақпашы мансабын аяқтаған соң, қақпашыларды жаттықтыратын бапкер болып жатады. Ал жеке дара өз алдына бас бапкер болып, үлкен жетістіктерге жеткені аса көп емес. Санаулылардың арасында ең бірінші болып бразилиялық Айморе Морейра еске оралады. Морейра қақпашы ретінде бірнеше жыл «Ботафого» командасы мен Бразилия құрамасында өнер көрсеткен. Сосын Бразилия құрамасының бас бапкері болды. Ол жаттықтырған құрама 1962 жылы Чилиде әлем чемпионы атағын қорғады. Сол жылдары футболда әмбебап позиция деген түсінік жоқ еді. Морейра 4-2-4 схемасының орнына 4-3-3-ті ұсынды. Тіпті, Пеленің жарақат алғанына қарамастан, Гарринчаның потенциалын ашты.
Одан кейін италиялық Дино Дзофф көп айтылады. Италия құрамасының қақпашысы ретінде 1982 жылғы әлем чемпионы арада 18 жыл өткенде бапкер ретінде Еуропа біріншілігінің финалына шықты. Сондай-ақ, Туриннің «Ювентус» клубымен Италия кубогы мен УЕФА кубогын жеңіп алған.
Қазіргі бапкерлерден Англия премьер-лигасының клубын жаттықтырған португалиялық Нуну Эшпириту Санту бар. «Тұманды альбионда» ол «Вулверхэмптон» мен «Тоттенхэм» клубтарының тізігінін ұстады. Кейін Сауд Арабиясында «Әл-Иттихадпен» чемпион атанды. Қазір АПЛ-да «Ноттенгем Форест» командасын жаттықтырып жүр.
УЕФА тұжырымы бойынша әлемдегі ең үздік лигада жұмыс істейтін қақпашының бірі – Юлен Лопетеги. Ұзақ уақыт Испанияның әр түрлі жастағы құрамаларын жаттықтырған. Екі мәрте U-19 құрамасымен Еуропа чемпионатында топ жарған. Бір рет U-21 командасымен құрлық біріншілігінде теңдесіз деп танылды. Осыдан кейін Лопетегиге Испания құрамасы, Мадридтің «Реал» клубының тізгінін ұстау бақыты бұйырды. Бірақ «корольдік» клубтағы карьерасы 4 айдан аспады. Сосын «Севильяға» ауысып, 2020 жылы Еуропа лигасын жеңіп алды. Қазіргі таңда «Вест Хэм Юнайтед» клубының бапкері болып жүр. АПЛ-да 7 турдан кейін 12-орында.
Қазақстанға келген қақпашы бапкерлерден жетістікке жеткені Виктор Кумыков десек қателеспейміз. Ол Қарағандының «Шахтерімен» екі рет ел чемпионы атанды. Сосын Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтті. Қазіргі кезде Қызылорданың «Қайсар» клубын жаттықтырады.
Алматының «Қайрат» клубында испаниялық Карлос Ферер деген қақпашы бапкер болған. Бірақ оның да дәурені ұзаққа созылмады. Қазақстан кубогын ұтқаннан басқа ештеңе бітірмей елден кетті.
Тізім аса ұзақ емес. Қазақстанда қақпашы бапкерлердің жетістікке жеткені саусақпен санарлық. Станислав Черчесов командасының гол соға алмай жүруін де осы жағдаймен байланыстыратындар бар.