Черчесовке салынған айыппұл көлемі белгілі болды

Редактор
16.10.2024, 20:42

Бас бапкер қазақ тілін мазақ еткені үшін жазаланды

Sports.kz

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тілін келеке еткені үшін 738 400 теңге айыппұл салды.

«Айыппұл әдеп регламентінің аясында салынды. Оның көлемі 200 АЕК, яғни — 738 400 теңге», — деп федерация өкілі ТАСС-қа сұхбат берген.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында қазақстандық тілші Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастайды. Бас бапкер журналистің үстіне Францияның ПСЖ клубының жейдесін киіп алғанын әзілге айналдырғысы келді ме, әйтеуір «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың, французша ма?» деп сөзін бөлді. Бұл қоғамда наразылық тудырды. Осы мәселеге қатысты Туризм және спорт министрлігі де федерациядан түсініктеме беруді талап еткен.