Ол жылына 5 млн фунт жалақы алатын болады
Неміс маманы Томас Тухель футболдан Англия құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы Англия футбол қауымдастығы мәлімдеген. Ол жұмысына 2025 жылдың қаңтарынан бастап кіріседі. Келісімшарт мерзімі 2026 жылдың шілдесіне дейін.
«Чемпиондар лигасының жеңімпазы Томас Тухель Англия құрамасының бас бапкері болып тағайындалғанына қуаныштымыз. Оған өзге бапкер Энтони Барри көмектеседі. Бұл қос бапкермен жұмыс істесу туралы шешім өткен аптаның басында қабылданған. Ал, Тухель келісімшартқа 8 қазанда қол қойды. Күні кеше аяқталған халықаралық циклге кедергі келтірмеу үшін біз бас бапкердің ауысатыны туралы ресми жариялаған жоқпыз», - делінген Англия футбол қауымдастығы таратқан ақпаратта.
Mirror басылымының жазуынша, Тухельдің жалақысы жылына 5 млн фунтты құрайтын болады. Құрама команданы бұған дейін жаттықтырған Гарет Саутгейт болса жылына 2,5 млн фунт жалақы алып келген еді. Ол Еуропа чемпионатының финалындағы сәтсіздіктен кейін отставкаға кетті.
Қазір бас бапкердің міндетін атқарып жатқан Ли Карсли жыл соңына дейін осы қызметті атқаратын болады.