Оқиға 2019 жылы болған
Қостанайдың «Тобыл» клубының бұрынғы шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек «Впорядке / VPR» Youtube-каналына берген сұхбатында «Астанамен» ойындарды еске алды.
«2019 жылы «Тобыл» сапында ойнап жүргенде команда бірінші орында тұрды. «Астанадан» 6 ұпайға ұзап кеткенбіз. Оның үстіне, қосымша бір ойынымыз бар еді. Чемпионаттың аяқталуына 13 тур қалған. Сосын «Астанамен» матчтың уақыты келді. Сол кезде жігіттер келіп маған «ішім ауырып» жатыр деп айтайсың дейді. Яғни «Астанамен» кездесуге қатыспауым керек болды», - дейді Бауыржан Тұрысбек.
Оның айтуынша, елорда клубына ойынды беру керек болған. Бірақ «Тобыл» сол матчта жеңілмеген.
«Команданың басым бөлігі қазақ жігіттерден жасақталған. Команда болып жиналдық: «Жігіттер осы жерде шешейік, артынан түсініспеушілік болмасын. Кімнің ойнағысы келмейді немесе басқа сылтау айтатын болсаңдар ойнамаңдар. Қалғанымыз алаңға шығамыз. Оңай емес, бірақ соңына дейін барамыз» дедік. Жігіттер ойнауға келісті. Сөйтіп, 1:0 есебімен басым түстік. Барлығы жақсы болып жатқан. Келесі матч Еуропа лигасының кездесуі еді. Люксембург клубынан ұшып кеттік. Содан сын көбейді. «Айтқанды тыңдамадыңдар, енді осылай болады» деді. Содан чемпионатта жеңімпаз атанбақ тұрмақ, үшінші орын да алмадық. Біріншілікті төртінші орынмен аяқтадық», - дейді Бауыржан Тұрысбек.
Еске салайық, бұған дейін «Бірінші бол» YouTube-каналында қонақта болған шымкенттік актер Марат Достаев «Ордабасы» ойыншыларының «Астанаға» қарсы ойында іштері ауырады» деп әзілдеген болатын.