Черчесов кешірім сұраған жоқ, айыппұл салғанға ренжіді. Мен де кешірім сұрамас едім – Әділет Бәрменқұлов

Редактор
19.10.2024, 01:53

Жанкүйерлер Ресейден келген маманның отставкасын талап етіп жатыр

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов мемлекеттік тілге қатысты сөздері үшін кешірім сұрамағанын айтты.

Ол РИА Новостиге берген сұхбатында жағдайды өзінше түсіндірген.

«Бізде әдеп комитеті бар. Комитет өз шешімін қабылдады. Бірақ бас бапкердің сөзінде ешқандай кекету, мұқату болмаған. Әзілі сәтсіздеу, шектен шығып кеткен. Сол үшін айыппұл салынды. Біз Черчесовпен сөйлестік. Ол тілшіге әзілдеген. Негізі екеуінде де қателік бар. Алайда, ешқандай арам ниеті болған жоқ. Не үшін кешірім сұрауы керек? Мен де кешірім сұрамас едім. 

Әдеп тұрғысынан шектен шықпауға болады, ал шектен шықты ма, демек проблема бар. Екі мың доллар көлемінде айыппұл салдық. Әдеп комитетінің шешіміне аздап ренжіді. Ал қазір сабасына түсті. Әрине, нормативтік актілерде үлкен көлемдегі айыппұлдар да қарастырылған. Дегенмен, бұл да жеткілікті», - дейді Әділет Бәрменқұлов. 

Айта кетейік, Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында журналист Бегасыл Сейітхан Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойып бастаған. Бас бапкер журналистің үстіндегі «ПСЖ» клубының жейдесін көріп әзілдегісі клеген болу керек: «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың, французша ма?» деп сөзін бөлді. 

Бұл өз кезегінде қоғамда үлкен наразылық тудырып, қазақстандықтар Черчесовтың отставкасын талап етті. Тіпті, іске Спорт министрі Ербол Мырзабосынов араласып, Бәрменқұловтан жағдайды түсіндіруін талап еткен. Неге екені белгісіз, артынша министр райынан қайтып, халықтан ресейлік маманға түсіністікпен қарауды сұрады.

Бұған дейін Станислав Черчесов Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалғанда журналист Нұрсұлтан Құрманмен де тіл тұрғысында сөзге келіп қалған еді. Қазақша сұрақ қойған журналистке ресейлік маман ескерту жасап: «сен қазақша сұрасаң, мен осетинше жауап берейін» деп ұрысқаны есте. Артынша қоғам шулаған соң кешірім сұрап, қазақ тілін үйренуге уәде берді.

Черчесовтың ұлттық құрамамен жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесі де мәз емес. Ол ресми төрт матч өткізіп, үшеуінде жеңілді, бірде-бір гол соққан жоқ. Соған қарамастан, ол аса ірі көлемде жалақы алады.