Шымкенттік клуб екінші жыл қатарынан чемпион болу мүмкіндігінен айрылудың сәл ғана алдында тұр
Өз алаңында ҚПЛ аутсайдері «Жеңістен» жеңілгеннен кейін «Ордабасының» бірнеше ойыншысы фанаттармен ерегесті. Аталған сәттің видеосы әлеуметтік желіде тараған.
Команда капитаны Асхат Тағыберген мен ойыншы Ғафуржан Сүйімбаев өздеріне қарата айтылған сын мен балағат сөздерді көтере алмаған сыңайлы. Тіпті, Тағыберген жанкүйерлердің бірін жекпе-жекке шақырғандай ишара танытты. Ал, өзге ойыншылар бұл сәтте үнсіз қарап тұрған.
Айта кетейік, былтыр ел чемпионы атанған Шымкенттің «Ордабасы» клубы биыл да осы нәтижесін қайталаудың сәл ғана алдында тұрды. Дегенмен, соңғы екі матчта қатарынан жеңіліп, бірінші орыннан үшінші орынға бір-ақ сырғыды.
ҚПЛ-дің көш басында 41 ұпаймен «Қайрат» тұрса, екінші орындағы «Астанада» 40 ұпай бар және оның өзгелерден бір ойыны кем.