Түркияда футбол төрешісін ұрып құлатқан шенеунікті полиция ұстап әкетті

Редактор
12.12.2023, 17:00

Аталған оқиға «Анкарагюджю» мен «Ризеспор» ойынынан кейін болған

скрин Instagram

Түркиялық «Анкарагюджю» футбол клубының президенті Фарук Коджа матчқа төрелік еткен судьяны ұрып-соққаны үшін қамауға алынды. Бұл туралы елдің Әділет министрі Йылмаз Тунч өзінің Twitter-парақшасында жазды.

Айта кетейік, оқиға «Анкарагюджю» мен «Ризеспор» ойынынан кейін болған. 97-минутта қонақтар есепті теңестіріп кеткеннен кейін судья ойынды аяқтаған. Осы сәтте алаңға жүгіріп шыққан Фарук Коджа төреші Халил Умут Мелерді ұрып құлатты. Ал, клубтың өзге өкілдері жерде жатқан оны бірнеше рет теуіп кеткен.

«Алаңға шығып, арбитрды ұруға қатысқандардың барлығы «Спорттағы зорлық пен тәртіпсіздікті болдырмау» туралы заңды бұзғаны үшін айыпталып отыр. Сондай-ақ, бірнеше жанкүйерге де айып тағылды. Шабуыл жасағандар Қылмыстық кодекс аясында жауапқа тартылады. 

Күдіктілер Ф. К., Ш. Ю. С. және К. С мемлекеттік қызметкерге қызметін орындау барысында ауыр дене жарақаттарын салғаны үшін» күдікті деп танылып, қамауға алынды», - делінген министр таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, аталған матч 1:1 есебімен аяқталды. Төреші алдымен алаң иелері соққан голды «қолмен ойнады» деп санамай қойса, екінші таймның орта тұсына жетпей «Анкарагюджюдің» шабуылшысына «қызыл қағаз» көрсетті.