«Қайрат» футболдан ел чемпионы атанды

Редактор
10.11.2024, 16:20

«Астана» – екінші, «Ақтөбе» – үшінші

Архив: Қайрат ФК

«Қайрат» футбол клубы ел чемпионы атанды. ҚПЛ-дің соңғы турында «Атыраумен» ойнаған алматылықтар маңызды үш ұпайды иеленіп, чемпионат мәресіне бірінші келді.

Чемпиондықтың тағдыры соңғы турға дейін белгісіз болып келген. Өйткені, «Қайрат» пен «Астананың» арасын небәрі бір-ақ ұпай бөліп тұрған еді. Егер алматылықтар тең ойнап қалған жағдайда елордалық клуб кезекті рет кубок иеленетін мүмкіндікке ие болған. Дегенмен, Уразбахтин шәкірттері соңғы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, «Қайратқа» төрт жылдан кейін чемпиондық атақты қайта әкелді.

Атырауда өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз голды Георгий Заря 59-минутта пенальтиден салды. Ал, 58-минутта «Атырау» қорғаушысы Никита Степанов алаңнан қуылған болатын. Осы жалғыз гол тек матчтың ғана емес, ҚПЛ-дың тағдырын шешті.

Ал, өз алаңында «Жетісуға» жауапсыз 5 гол соққан «Астана» ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды. «Ақтөбе» – үшінші орында. Былтыр ел чемпионы болған «Ордабасы» соңғы турларға дейін турнир кестесінің көшін бастап келгенімен, жарысты төртінші орынмен аяқтап отыр.

Айта кетейік, «Қайрат» осымен төртінші рет ел чемпионы атанып отыр. Алматылық клуб 1992, 2004 және 2020 жылдары ҚПЛ жеңімпазы атанған.