Черчесов емес, Қазақстан футболшылары кінәлі – Александр Мостовой

Редактор
16.11.2024, 10:31

Оның пікірінше, Черчесов жақын арада отставкаға кетуі мүмкін

Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы сәтсіздігіне бас бапкер Станислав Черчесовтың еш кінәсі жоқ деп есептейді Ресейдің аңыз футболшысы Александр Мостовой. Бес матчта жеңу былай тұрсын, бірде-бір гол соға алмаған команда қазір топтағы соңғы орында келеді.

Екі мыңыншы жылдардың басында Ресей құрамасының басты ойыншысы саналған Мостовой «Спорт день за днем» тілшісіне сұхбат беріп, Черчесовке ақпараттық шабуыл жасауды тоқтату керек дегенді айтты. Оның пікірінше, Қазақстан құрамасының сәтсіздігіне бапкер емес, ойыншылардың өзі кінәлі.

«Бапкерліктің жұмыс тәсілі өзгерген емес: алаңға ойыншыларды шығарасың, жаттығу жасатасың. Барлық жерде процесс бірдей. Кейде әр бапкер өзінше бір әдіс-тәсіл ойлап тауып жатады.

Түсініңіз, бапкер алаңға шығып футбол ойнамайды, алаңға футболшылар шығады. Егер гол соға алмаса бар кінә солардың мойнында. Бапкер тек алаң жиегінде тұрып айқайлап, нұсқауын көрсетіп тұрады.

Стас (Станислав Черчесов – авт.) Қазақстанға барарда мен оған мұндай болатынын ескерткенмін. Ол да білді. Ол Ұлттар лигасындағы топты көрді, ешқандай мүмкіндіктің жоқ екенін бәріміз білдік.

Енді Черчесовтың отставкасы туралы әңгіме шығып жатыр. Менің ойымша, ол расымен кетеді. Онда тұрған не бар? Таң қалатын дүние емес. Кез келген бапкер тағайындалған күні-ақ өзінің отставкаға кететінін де жақсы білуі керек. Әсіресе мынадай нәтиже болып жатқанда», - деді Мостовой.

Айта кетейік, B лигасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасы 5 ойын өткізіп, оның төртеуінде жеңілді және бір рет тең ойнады. Осы бес матчта өз қақпамызға 10 гол жіберіп, бірде-бір гол соққан жоқпыз.