Командада прогресс бар, қазір бір матчта 5-6 бұрыштама көтереміз – Черчесов тағы мәлімдеме жасады

Редактор
20.11.2024, 00:41

Бұған дейін ол Қазақстан құрамасының барлық сәтсіздігіне бұрынғы бапкерлері кінәлі дегенді айтқан болатын

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов команда ойынында прогресс бар екенін айтты. Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, бірде-бір гол соға алмай, топтан «ұшып кеткен» ұлттық құрама ойынынан қандай оң өзгеріс байқағанын ресейлік маман ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында айтты.

Жеңілістен көз ашпаған Қазақстанда қандай прогресс бар екені «Спорт день за днем» басылымының тілшісіне қызық болған екен.

– Әрбір ойыннан кейін Қазақстан құрамасында прогресс бар екенін айтудан жалықпайсыз. Бұл жанкүйерлер мен журналистердің ашуын туғызды. Қазақстан Аустрия, Словения, Норвегиядан ірі есеппен жеңілді. Мүмкін ол қандай прогресс екенін айтып берерсіз?

– Норвегиямен алғашқы ойын 0:0 болып аяқталды. Сол кезде тек бір бұрыштама көтеріппіз. Одан кейін сырт алаңдағы матчтарда 5-6 бұрыштама көтеретін болды. Қақпаға көбірек соққы жасап, допқа иелік етуіміз артты. Енді қорғаныстан шығуды үйреніп, команда жақсара түседі. Ұпайдың жоқтығы – эмоция, ал сандық көрсеткіш – обьективті факт. Норвегиямен матчта 200 пас берсек, қарсылас өзара 600 рет доп алмасыпты. Сол кезде бір соққы, қарсылас 19 рет қақпамызға тепкен. Одан кейін Словениямен кездесуде 7 соққы жасадық. Пас алмасу көрсеткіші  500-ге өсті. Бұл қарсыластан да көп болды. Яғни қозғалыс бар, - дейді Станисла Черчесов.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында алты матч өткізіп, оның бесеуінде жеңілді және бірінде тең ойнады. Черчесов шәкірттері осы алты ойында өз қақпасына 15 гол жіберіп, қарсылас қақпасына бірде-бір гол соқпаған.