Әлихан Смайылов Қазақстан футбол федерациясының президенті болуы мүмкін

Редактор
27.11.2024, 21:26

ҚФФ президенттігіне сайлау болмай жатып бірнеше кандидаттың аты аталды

Sputnik / Абзал Калиев

Қазақстан футбол федерациясының президенті болуға жаңа екі үміткер пайда болды. Бұл жолы «Қаңтар» оқиғасынан кейін Жоғары аудиторлық палатаның басшысы Әлихан Смайылов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың есімі аталды.

Бұл туралы «Серый Cardinal» Telegram-каналы жазды.

«Күн өткен сайын 20 желтоқсан жақындап келеді. Сол күні Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланады. Әр түрлі дереккөздерге сүйенсек, кандидаттардың саны екеуге дейін қысқарды. Оның біреуі – бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов болса, екіншісі – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров. Соңғысы ҚФФ мүшесі ретінде өз кандидатурасын ұсынған. Егер аса қатты өзгеріс болмаса, екеуінің біреуі Қазақстан футбол федерациясының жаңа преизденті болады», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, бұған дейін ҚФФ президенті болады деп бірнеше лауазымды тұлғаның аты аталған болатын. Олардың қатарында Әділбек Жақсыбеков, Ермек Маржықбаев, тіпті қазіргі Президенттің кеңесшісі Руслан Желдібай да бар. Дегенмен, жаңа басшының есімі 20 желтоқсанда белгілі болады.

Ал, бұған дейін федерацияға президент болған Әділет Бәрменқұлов қараша айының басында өз еркімен отставкаға кеткен еді.