«Соңғы минуттар синдромы»: «Астана» қолда тұрған жеңістен айрылып қалды

Редактор
28.11.2024, 22:40

«Витория Гимарайнш» бұған дейінгі үш ойынның бәрінде жеңіске жеткен

Астана ФК

Конференция лигасында өнер көрсетіп жатқан «Астана» өз алаңында португалиялық «Витория Гимарайнш» клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасты.

Матч алдында қонақтар фаворит саналған. Дегенмен, алаңда «Астана» сауатты ойнап, тіпті 40-минутта есеп ашты. Ауттан лақтырылған допқа бірінші жеткен Бранимир Калаица допты қақпаның жақын бұрышына дәл көздеді.

Екінші таймда да Бабаян шәкірттері қорғанысқа жатып алған жоқ: қарымта шабуылдар ұйымдастырып, алаңға үш ұпай үшін шыққанын көрсетті. Тіпті, 63-минутта «Витория» қақпасына екінші голды соқты. Дегенмен, төреші астаналық шабуылшы Джеффри Чинедуды тәртіп бұзды деп, голды есепке алмады.

Осы есеп ойын аяқталуына санаулы минуттар қалғанға дейін сақталған. Алайда, 89-минутта португалдық клуб «Астана» қақпасынан саңлау тауып, есепті теңестіріп кетті, гол авторы – Хесус Рамирес.

«Астананың» келесі ойыны 12 желтоқсанда Алматыда лондондық «Челсиге» қарсы өтеді. Ал, 19 желтоқсанда кипрлік АПОЭЛ-ге қонаққа барады.