Қазақстан құрамасы алты матчтың бесеуінде жеңіліп, қақпасына 15 гол жіберген еді
Англияның «Манчестер Юнайтед» клубының жартылай қорғаушысы болған ресейлік ардагер футболшы Андрей Канчельскис Қазақстан құрамасының соңғы матчтарына қатысты пікір білдірді.
Ол Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан құрамасының ойындарын аса қатты қарамағанын айтты.
«Менің матчтарды қарап отыратын уақытым жоқ. Қазақстан құрамасының деңгейі сол нәтижеге сай деп ойлаймын. Тұрақтылық – шеберліктің белгісі. Егер былтырғыдай ойнап жатса, Қазақстан құрамасының ойыны өсіп келе жатыр деп айтуға болушы еді. Ал қазір қазақтардың деңгейі бұрын қандай еді, сол күйінде қалды», - дейді Канчельскис.
Айта кетейік, Черчесовтің жаттықтыруымен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында алты матчтың бесеуінде жеңіліп, қақпасына 15 гол жіберген еді.
Ресейлік маман былтыр Қостанайдың «Тобыл» клубында директор болған. Бірақ маусым соңында клуб қожайыны Әлімжан Қалдияр жұмыстан шығарып жіберген. Осыдан кейін ол ФИФА мен УЕФА-ға арыз түсірген болатын. Алайда ешқандай шешім қабылданған жоқ. Айтуынша, клуб қожайындары маманмен келісімшартты еш ескертусіз бұзған. Канчельскис Әлімжан Қалдиярды футболдан мүлде бейхабар деп айыптаған еді.