«Ордабасы» жыл соңына қарай керемет сыйлыққа ие болды
«Дядя Ваня» телеграм-арнасының мәліметінше, еліміздің ең бай клубтарының бірі осы аптада Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жариялаған кезекті тендерді ұтып алды. Тендер сомасы – 892,9 миллион теңге (қазіргі курспен - 1,7 миллион доллар).
«Ең қызығы, құжаттамаға сәйкес ақша «футбол командаларын даярлау, сонымен қатар жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу жөніндегі қызметтерге» арналған», - делінген дереккөз мәліметінде.
Ал орындалу мерзімі – 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Ал бізде футбол маусымы аяқталғанын жұрттың бәрі біледі. Келесі маусым 2025 жылдың көктемінде ғана басталады.
«Сарапшылардың айтуынша, ғажайыптарға орын бар. Әсіресе Жаңа жыл қарсаңында, яғни әкімдіктер мен оның құрылымдарына игерілмеген қаражатты тез арада жұмсау керек кезде мұндай жайттар болып тұрады», - деп жазды автор.