«Ордабасының» тарихи жеңісі: Шымкенттен арнайы репортаж

Редактор
23.10.2023, 09:56

Бүгін Шымкент қаласына арнайы келдік. Келуімізге себеп – «Ордабасы» командасының тарихи матчы.

ФК Ордабасы

Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның аузы-мұрны толып отыр. Өйткені, бұл сәт – «Ордабасы» жанкүйерлерінің сан жылдар бойы орындалмаған арманына куә болатын матч. 20 мың адам сыятын стадионға Шымкент қаласынан және басқа облыстардан арнайы келген жанкүйер жеткілікті. 

Алғашқыда атауы «Синтез», «Достық» болған оңтүстіктің командасы биыл тарихындағы ең жемісті маусымын өткізді. Қазақстан чемпионы атанды, одан бөлек Қазақстан кубогының финалына шықты. Осылайша, «Ордабасы» командасы бір маусымда дубль жасап, алматылық «Қайрат» (1992 жыл), «Астана» (2016 жыл), «Ақтөбе» (2008 жыл) сияқты командалардың қатарына қосылуы бек мүмкін.

Орталық стадиондағы матч уақытында басталды. Әттегенайы сол, бұл матчқа «Ордабасы» мен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген жарақатына байланысты шыға алмады. Өйткені, Асхат Тағыберген Қазақстан премьер-лигасының 24-турында ауыр жарақат алып, «Ордабасы» мен Қазақстан ұлттық құрамасының шешуші матчтарына қатысатын мүмкіндіктен қағылды. Бірақ капитан тарихи матчты жанкүйерлермен бірге тамашалап, командаластарына ойыннан тыс дем беріп отырды. 

Матч өте тартысты басталды. Алаң иелері төреші ысқырығы шалынғаннан бастап шабуылды үдетті. Матчтың 5-минутында «Ордабасы» шабуылшысы есеп ашып, ҚПЛ аясында осы маусымдағы 2-голын салды. «Шахтер» командасы жылдам салынған голдан кейін біраз абдырап қалды және матчтың 12-минутында қақпасына 2-гол жіберіп алды. Тарихи матчта гол салып, Орталық стадионға жиналған 20 мыңнан астам жанкүйерді бір желпіндіріп тастаған – Шохбоз Омаров еді.


фото: meta-ratings.kz

Шешуші матчта «Ордабасы» іркіліп қалмады. Матч тағдырын 1-таймда шешіп, 27-минутта Артем Беседин есепті 3-0 қылды. Матчтың қалған минуттарында «Ордабасы» командасы ойынды уысынан шығармай, толық бақылауға көшті. 

«Ордабасы» командасының толассыз шабуылына төтеп беріп, лайықты жауап қату үшін «Шахтер» клубының бас бапкері Игорь Солошенко 2-тайм басталмай жатып алаңға тыңнан екі ойыншы шығарды: Темур Чогадзе және Айдос Тәттібаев. Бас бапкердің бұл қадамы сәтті басталды. Темур Чогадзе 47-минутта гол салып, есепті қысқартты. Бірақ «Шахтер» командасының ұмтылысы «Ордабасы» қорғанысын одан әрі бұза алған жоқ.

Осылайша, «Ордабасы» командасы 25-турда өз алаңында қарағандылық «Шахтер» клубын қабылдап, ел біріншілігінің аяқталуына бір тур қалғанда тарихи чемпиондығын рәсімдеді. 

«Ордабасы» командасы тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бұған дейін «Ордабасы» клубы ешқашан ел біріншілігін жеңіп көрмеген еді, чемпионаттағы ең нәтижелі көрсеткіші – 2017, 2019 жылдары қола жүлдегер.

Осы тарихи матчтың алдында және ойын соңында белгілі спорт сарапшылары мен жанкүйерлердің, «Ордабасы» ойыншылары мен клуб басшылығының пікірін біліп, арнайы репортаж әзірледік. 

«Ордабасы» чемпиондығы тек Шымкент үшін емес, Қазақстан футболы үшін де маңызды деп ойлаймын. Бұрын-соңды чемпион болмаған команда.

Бүгін стадионда адам ығы-жығы. Орталық стадионға 25 мыңға жуық жанкүйер жиналған сияқты. Бұл бір жағынан кіріп-шығуға кедергі жасап жатыр. Меніңше, «Ордабасы» командасына жаңа стадион керек. Өйткені бүгінгі матчқа келуге 100 мыңнан астам адам өтініш білдірген, бірақ олардың бәрін стадионға сыйдыру мүмкін емес», - дейді белгілі спорт сарапшысы Ермұхамед Мәулен.

Тарихи матчты арнайы тамашалауға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов та келді.

«Бүгін шырайлы Шымкент шаһарында нағыз мереке. «Ордабасы» командасы тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанып отыр. Жанкүйерлерді және клубтың осы жетістігіне үлес қосқан барлық азаматты құттықтаймын. Жанкүйерлер маусым бойы командасын қолдау үшін стадионға ағылды. Біздің футболға керегі де осы», - деді ҚФФ президенті.

Қазақстан чемпионы атанған «Ордабасы» қақпашысы Бекхан Шайзада тарихи жеңіске қалай жеткенін айтып берді. 

«Шілде-тамыз айларында аздап ойынымызды жоғалтып алғандай болдық. Сосын жігіттер жиналып сөйлестік. Өз-өзімізді қамшылап, жеңіске жетудің жолын талқыладық. Соның жолында әрекет етіп, нәтиже шығардық. Бүгін сол чемпиондығымызды тойлап жатырмыз», - деп ағынан жарылды Бекхан Шайзада. 

«Ордабасы» сапында сегіз маусым (2010-2018 ж.ж.) бойы доп тепкен Қайрат Әшірбеков бүгінде шымкенттік команданың спорт директоры қызметін атқарып жүр. Ол «Ақтөбе» сапында екі рет Қазақстан чемпионы атанған, ал «Ордабасы» сапында 2011 жылы Қазақстан кубогын жеңіп алған. 2012 жылы Қазақстан супекубогын иеленген.

Қайрат Әшірбеков «Ордабасының» тарихи жеңісі туралы айтып, команданың маусым басындағы қиындықтарын тілге тиек етті.

«Бірінші айналымнан кейін, яғни чемпионат ортасынан ауғанда чемпиондыққа таласуға мүмкіндік бары байқалды. Артем Беседин мен Евгений Макаренко да командағы қатты көмектесті. 

Биыл «Ордабасы» сапындағы ойыншылар ұлттық құраманың да жетістіктеріне көмектесіп жатыр», - деді Қайрат Әшірбеков.

«Қайрат» сапында жарқырап ойнаса да, үнемі күміс пен қола жүлдеден көз ашпаған Бауыржан Исламхан да «Ордабасы» командасы сияқты тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бауыржан Исламхан төрт рет Қазақстан кубогын жеңіп алған (2014, 2015, 2017, 2018), бірақ бірде-бір рет ел чемпионы атанбаған. 

«Ұзақ жыл чемпион бола алмай, 2 жыл үзілістен кейін осындай жетістікке жеттім. Осылай сенім артып, команда қатарына шақырғаны үшін клуб басшылығына алғысымды айтамын. «Ордабасы» чемпион болады деп ешкім ойлаған жоқ. Енді келесі жылы Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетеміз деп ойлаймын. 

«Ордабасы» мен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген 5 дүркін ел чемпионы атанып отыр. Ол бұған дейін «Ақтөбе» (2013 жылы), «Астана» (2016, 2017 ж.ж), «Тобыл» (2021 жыл) сапында ел чемпионы атанған. Команда лидері бұл жетістікпен шектеліп қалғысы келмейді. 

«Әр чемпиондықтың орны бөлек. Әр клуб – бір белес. «Ордабасының» тұңғыш рет ел чемпионы болғанына үлес қосқаным үшін қуаныштымын. Әрине, қиын кездер болды. Бірақ қиын сәттер ойыншыларды шыңдай түседі», - деді Асхат Тағыберген.