Әйгілі Роналдо Бразилия футбол федерациясының президенттігіне таласады

18.12.2024, 01:24

Ол өзінің менеджерлік тәжірибесінің жоғары екенін бұған дейін де көрсеткен

instagram.com/ronaldo/

Футболдан Бразилия құрамасымен екі дүркін әлем чемпионы болған әйгілі Роналдо өз елінің футбол конфедерациясына президент болуды көздеп отыр. Лауазымды қызмет үшін болатын сайлауға ол өз кандидатурасын ұсынбақшы. Бұл туралы экс-футболшы Globo телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Сұхбат барысында Роналдо өзінің сайлауалды бағдарламасы қандай болатынын қысқаша жарнамалап өткен. Сондай-ақ, мұндай шешімді не үшін қабылдағанын да айтқан.

«Мұндай шешімді қабылдауыма жүздеген себеп бар. Ең бастысы – әлемде Бразилия футболына деген құрметті қайтарғым келеді. Адамдар менен футболға қайта оралуымды сұрайды, өйткені ұлттық құраманың жағдайы қазір өте мүшкіл. Тек алаңда ғана емес, алаңның сыртында да халіміз нашар», - деді Роналдо.

Бразилияның футбол конфедерациясын қазір Эдналдо Родригес басқарады. Оның мерзімі 2026 жылдың наурыз айына дейін. Дегенмен, сайлауға қатысатын үміткерлерді 2025 жылдың наурыз айында-ақ тіркеп тастайды. Ал, жаңа президентті сайлаушылар коллегиясы сайлайды. Олардың құрамына 26 штаттың және ел астанасының делегациялары, ел чемпионатындағы A Сериясы мен B сериясының клубтары кіреді.

Роналдоның жасы 48-де. Ол Бразилия құрамасымен 1994 жылғы мундиальда чемпион атанса, араға сегіз жыл салып тағы да чемпиондық кубокті басына көтерді. Ал, 1998 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Даңқты футболшы ПСЖ, «Барселона», «Реал», «Интер», «Милан» клубтарында доп тепті. 1997 және 2002 жылдары «Алтын доп» иегері атанған.

Материалда: