Қазақстандық футболшы Оралхан Өміртаев Беларустың БАТЭ құрамасынан кетті

04.01.2025, 00:16

Ол қысқа ғана уақытта клубтың ең үздік сұрмергендерінің бірі болған

БАТЭ ФК

Оралхан Өміртаев Беларустың БАТЭ құрамасымен қош айтысты. Бұл туралы клубтың ресми сайты жариялады. Командамен қоштасудың басты себебі – келісімшарт мезгілінің аяқталуы.

Оралхан Өміртаевтың өзі де жанкүйерлеріне рақмет айтып, ыстық лебізін білдірді.

«Барлық жанкүйерге алғысым шексіз. БАТЭ-нің фанаттары ең мықты фанаттар деп сенімді айта аламын. Әрдайым сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін рақмет»,- деп жазды футболшы әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, Оралхан Өміртаев 2024 жылдың басында Беларустың «Слуцк» сапында ойнап, 4 гол соққан. Кейін 2024 жылдың шілде айында БАТЭ құрамасында 14 матч өткізіп, 6 гол соқты. Осылайша ол маусымның үздік сұрмергені атағына қол жеткізді.