Оны осы қаланың әуежайынан көргендер бар
Футболдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов «Ақтөбе» футбол клубына қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен өзінің Telegram-парақшасында жазды.
Бұған дейін «Астана» намысын қорғап келген футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында «жақсы жаңалық күтіңіздер» деп жазған болатын. Спорт мамандары мен футбол жанкүйерлері оның «Ордабасыға» баруы мүмкін екенін болжаған еді. Өйткені, екі тарап осыдан екі айдан бері келіссөздер жүргізген екен. Сондай-ақ, Абаттың түркиялық клубтардың біріне ауысуы туралы да айтылды.
Дегенмен, күні кеше Айымбетов Ақтөбенің әуежайынан көрінді. Жуырда ғана клубтың бапкері ауысып, құрамы да толығып жатыр.
«Қазбек Тайлановтың айтуынша ол “Ақтөбеге” ауысады екен. Фк “Ақтөбе” өткенде Бағдат Қайыровты қайта шақырды. Шамасы жергілікті футболшыларды қайта жинап жатқан сияқты», - деп жазды Е.Мәулен.