«Қызылжарды» Беларусьтен келген маман жаттықтыратын болды

07.01.2025, 09:26

Комагданы бұған дейін жаттықтырған Али Алиев қызметінен кеткен болатын

dinamo-brest.by

Бірнеше күнге бапкерсіз қалған Петропавлдың «Қызылжар» футбол клубын беларустық маман Александр Бразевич жаттықтыратын болды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлаған.

Еске салайық, «Қызылжарды» бұған дейін жаттықтырған Али Алиев контракт мерзімі аяқталған соң жұмысын әрі қарай жалғастырмайтынын айтқан болатын. Қазір ол жаңа қызметке барады деп күтілуде.

Ал, Александр Бразевич болса небәрі 21 жасында футболдағы мансабын аяқтап, 2003 жылы Минсктің «Партизан» жасөспірімдер клубына бапкер болды. 

2007 жылы Литвалық «Каунас» сапында бапкерлер қатарында жүріп, екі рет ішкі біріншілікке және УЕФА чемпионатына қатысқан. 

Ал, 2010 жылы «Торпедо Жодино» клубымен Беларусь кубогының финалына шыққан.

2015 жылы «БАТЭ Борисов» клубында директорлық қызмет атқарса, 2020 жылы «Слуцк» футбол клубының бас бапкері болған.

Соңғы рет 2024 жылы Бресттің «Динамо» футбол клубын Беларусь чемпионатына дайындап, 4-орынға жайғасқан. Алайда маусымның аяқталуына алты тур қалғанда ол қызметінен босатылды.