Ресей ресми жарыстардың бәрінен шеттетілген
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ресей құрамасымен жолдастық кездесу өткізуге қарсы еместігін айтты. «Спатак Шоу» YouTube-каналына сұхбат берген маман аталған матчтың екі тарапқа да қажет екенін айтып отыр.
Еске салайық, қос құрама команда былтыр жолдастық кездесу өткізеді деген сыбыс шыққан болатын. Алайда, қазақстандық тарап бұл әңгіменің қауесет екенін, Ресеймен кездесу болмайтынын алға тартқан. Черчесов болса матч ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.
«Егер мүмкіндік болса келісіңдер, ұйымдастырамыз деп айттым. Мен ресейлік болғаным үшін ғана емес, мұндай командамен жолдастық матч өткізу арқылы өзімізді тексеріп көреміз, оның үстіне оларға да көмектесеміз. Ешбір тарап ренжімеуі керек, қажет болса сол жақта немесе осында өткізуге болады, ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын», - деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.
Черчесовтың «Ресейге де көмектесеміз» деуі бекер емес шығар… Орыс футболы қазіргі таңда үлкен қиындыққа тап болған. Ел әскері Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері футболдан Ресей құрамасы және клубтары халықаралық жарыстардың бәрінен шеттетілді. Тіпті, жолдастық матч өткізудің өзі проблемаға айналған.
Ал, Қазақстан құрамасына былтыр бас бапкер болып тағайындалған Станислав Черчесов әзірге отставкаға кетпейтін секілді. Ұлттық құраманың тізгінін ұстағалы ресейлік маман жеңіске жету былай тұрсын, бірде-бір матчта гол соға алмады. Жанкүйерлер оның отставкасын талап еткенімен, бапкердің өзі келісімшарты аяқталғанға дейін орнын босатпайтынын ашып айтты. Оның келісімшарты 2026 жылы аяқталады.