Шымкент әкімдігі «Ордабасы» клубына тағы да қыруар қаражат бөлетін болды

Редактор
16.01.2025, 12:35

Қала әкімі бұған дейін өзге клубтардан көп бөлмеуге уәде берген болатын

Шымкент қалалық әкімдігі

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков «Ордабасының» жаңа маусымдағы басты мақсатын атап, стадионның жөндеу жұмыстары туралы айтты. 

Otyrar.kz мәліметінше, Маратбек Мықтыбеков Конференция лигасында ойнайтын шымкенттік клубқа жаңа маусымда 3,2 млрд теңге қаржы қаралып жатқанын алға тартты. Естеріңізде болса, бұған дейін қала әкімі биыл «Ордабасына» қыруар қаражат бермейміз, өзге өңірлердегідей болады деп уәде берген болатын.

«Бізден жауапкершілік алынған жоқ. Міндетті түрде чемпион болуымыз керек, чемпиондыққа таласатын боламыз. Бізге клубқа қаламыздың спортшыларын көптеп тартуға және жасөспірімдерге көбірек қаржыландыру жасау туралы нақты тапсырма берілді. Соның аясында қазір жұмыс істеп жатырмыз», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, Мықтыбеков орталық стадионда да жөндеу жұмыстары басталғанын тілге тиек етті. 60 жылдан астам уақыт жатқан көгал түгелімен қопарылып алынып тасталды. Енді стадионның алаңына автоматтандырылған суару жүйесі қосылатын жаңа табиғи көгал төселмек. Жаңарту жұмыстарына «Ордабасы» клубының демеушілері есебінен қаржы қаралса, оны күтіп-баптауға орталық стадионның дирекциясы жауапты болады.

«Салынған газонды күн ыстықта суаруға болмайды екен. Автоматты суару болғаннан кейін, түн ортасында қосып қойып, сапалы түрде алаңды ұстап тұруға болады. Алматыдағы алаңды да осы компания жасаған, одан кейін Қазақстанда тағы бір өңірдің көгалын төсеп берген», - деп қосты Мықтыбеков.

Қазір «Ордабасы» клубы Біріккен Араб Әмірліктерінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Жоспар бойынша ол қаңтар айының соңына дейін жалғасады. 

Естеріңізде болса, «Ордабасы» 2023 жылғы маусымда өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанса, былтыр төртінші орыннан көрінді.