«Мен – агент емеспін»: Хусановтың қазақстандық өкілі әсіре сілтемеуді сұрады

Редактор
19.01.2025, 23:11

Өзбек футболшысының әлемдік гранд сапына ауысуы Қазақстан футолына да оң әсер етеді дейді ол

Фото ашық дереккөзден

Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлықбек Асанбаев өзбекстандық Абдукодир Хусановтың «Манчестер Сити» клубына ауысуына қатысты пікір білдірді.

БАҚ-та Хусановтың ағылшын клубымен 2029 жылға дейін келісімшартқа отырғаны туралы ақпарат тарады. Осынау трансфердің жүзеге асуына Асаньаевтың қатысы бар екені айтылған.

«Әсіре сілтейтіндер үшін тағы нақтылап өтейін: мен агент емеспін және ешқашан агент болған жоқпын. Менің жұмысым – ойыншыларды спорттық жағынан сүйемелдеу, оларға дұрыс команда мен бапкер табу. Абдукодир Хусановтың агенті – Гайрат Хасбиуллин.

Абдукодир Хусановтың трансфері – өзбек футболының басы-қасында жүрген жандардың ортақ жемісі. Бұл өзбек және қазақ футболының әрі қарайғы дамуына себеп болып, біздің футболшылар Еуропа мен халықаралық жарыстарда ұлттық құрамасы мен клубтарының намысын абыроймен қорғайды деп сенемін», - деді Асанбаев Championat Asia-ға берген сұхбатында. 

20 жастағы Хусанов – өзбектің «Бунедкор» клубының тәрбиеленушісі. 2022 жылы Беларусьтің «Энергетик-БГУ» клубына ауысып, ол жақтан «Ланс» сапын толықтырды.