Биыл ақтөбелік команда ел чемпионатының қола жүлдегері атанған
«Ақтөбе» футбол клубы келер маусымға қызу дайындалып жатыр. «Серый CARDINAL» Telegram-каналының жазуынша, команда қатары жоғары деңгейдегі футболшылармен толығады.
Бұл қадамға клуб басшылары бір ғана мақсатта барып отырған көрінеді, ол – келер маусымда ел чемпионы атану.
«Қолда бар ақпаратқа сенсек, клуб өте жоғары деңгейдегі 5-7 ойыншыны шақыртады. Олардың есімі елге танымал. Кім екендерін ақпарат толыққан кезде жариялаймыз.
Осылайша, «Ақтөбе 2024 жылғы маусымда ел чемпионы болуға барын салып жатыр деп айта аламыз. Аяқасты күтпеген жағдайлар болып қалмаса, ақтөбелік футболшылар жейдесіне екінші жұлдызды жабыстырады. Бәрі соған келе жатқандай. Ең бастысы, облыс әкімі клубқа жан-жақты қолдау білдіріп, оны алтыншы рет чемпион қылуға жағдай жасап отыр», - деп жазылған аталған хабарламада.
Айта кетейік, «Ақтөбе» футбол клубы Қазақстан чемпионатын 2005, 2007, 2008, 2009 және 2013 жылдары жеңіп алған.