Дастан Сәтпаев «Челси» сапына ресми ауысты – Қайрат Боранбаев

Редактор
10.02.2025, 15:18

Ол – Қазақстаннан еуропалық ТОП клубқа ауысқан алғашқы футболшы

Қазақстан футбол федерациясы

«Қайрат» футбол академиясының түлегі, Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев лондондық «Челси» сапына ресми түрде ауысты. Бұл туралы «Қайрат» клубының иесі Қайрат Боранбаев әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Еске салайық, Дастанның «Челсиге» ауысатыны туралы сыбыс қаңтар айында шыққан болатын. Артынша бұл ақпаратты белгілі инсайдер Фбарицио Романо да растаған. Дегенмен, «Челси» өкілдері әлі ресми жарияламаса да, Боранбаев трансфердің болғанын мәлімдеді.

«Дастан Сәтбаев лондондық "Челси" командасының ойыншысы атанды. Қазақстандық футболшының Еуропа чемпионаттарының топ-5 клубтарының біріне ауысуы – алғаш рет және қазақстандық футбол тарихындағы ең маңызды трансфер», - деп жазды Боранбаев өзінің Instagram-парақшасында.

Ол Дастанның трансфері тек жеке футболшының емес, «Қайрат» академиясының жетістігі екенін айта келе, аталған тансфер Қазақстан жастарының арасында футболға деген қызығушылықтың күрт артатынына сенім білдірді.

Дастан Сәтпаев – «Челсидің» ойыншысы, бірақ тағы бір жыл «Қайратта» ойнайды. 16 жастағы қазақстандық шабуылшы 2026 жылдың жазында Лондондық клубқа ресми түрде қосылады. Алматылық «Қайрат» пен «Челси» 16 жастағы ойыншының трансфері бойынша келісімге келді. Кәмелет жасына толған соң, Сәтпаев Англияға көшіп, «Челси» сапында ойнайды, ал әзірге ол «Қайрат» құрамында өнер көрсетуді жалғастырады.

Дастанның жетістіктері:

  • QJ League-те екі маусымда 28 матчта 26 гол, 10 нәтижелі пас
  • QJ League 2024 жылғы маусымның ең құнды ойыншысы
  • Бірінші лигада 5 матч ойнап, жеңіс голын соққан
  • УЕФА Жасөспірімдер лигасында 4 матчта 1 гол, 1 нәтижелі пас

2024 жылғы мамырда 15 жасында Сәтпаев негізгі командада дебют жасап, «Қайрат» тарихындағы ең жас ойыншы атанды.