Саудиттер Ататүріктің баннеріне бола футболдан Түркия Суперкубогін өткіздірмей қойды

Редактор
30.12.2023, 10:37

Арабтар нақты себебін түсіндірмеген

Reuters

Футболдан Түркия Суперкубогінің финалы Сауд Арабиясында «Галатасарай» мен «Фенербахче» арасында өтуі тиіс болған. Алайда, ұйымдастырушылар кедергі келтіріп, матч ақыры өтпей қалды.

Ресейлік «Чемпионат» басылымының хабарлауынша, стадионға келген мыңдаған жанкүйерге саудиттер Түркияның әнұранын айтуға және Мұстафа Кемал Ататүрік бейнеленген жейде киюге тыйым салыпты.

Ал, жанкүйерлер әнұранды өздігімен айта бастағанда стадионда өзге музыка ойнап, мемлекеттік рәміздің орындалуына айтарлықтай кедергі келтірген. Осыдан кейін қос команданың өкілдері матчты кейінге қалдыру туралы ортақ шешім шығарыпты. Өйткені, бұл ойын Түркия Республикасы құрылуының 100 жылдығына арналған болатын.

«Біздің республиканың және футбол федерациясының жүз жылдығын шетелде атап өту арқылы біз түрік футболы брендін өзге мемлекеттерде насихаттағымыз келді. Енді 29 желтоқсанға жоспарланған матч кейінге қалдырылды. Біз футбол федерациясына, еліміздің спортқа жауапты құзырлы органдарына және осы ойынды ұйымдастыруға күш салған өзге де ұйымдарға алғысымызды айтқымыз келеді», - делінген қос команданың таратқан мәлімдемесінде.

Суперкубок финалының нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз. Матч Сауд Арабиясында өте ме, әлде басқа елге ауыстырыла ма – ол жағы да әлі шешілген жоқ.