Жобаға Астанадағы «Бәйтеректің» архитекторы басшылық жасайды
Англияның «Манчестер Юнайтед» клубы өз тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алмақшы. Клубтың иелері 100 мың көрерменге арналған жаңа стадион салуды жоспарлауда.
Бұл жаңалықты The Athletic басылымы жариялады. Алғашқы есептеулер бойынша, спорт кешенін тұрғызуға 2,4 миллиард еуро жұмсалады. Құрылыс жұмыстары 2030 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған.
100 мың орындық стадион – Еуропадағы ең үлкен клубтық стадиондардың бірі болмақ.
Заманауи технологиялар – жасыл энергетика мен инновациялық құрылыс шешімдері қолданылады.
Стадион концерттер мен басқа да ауқымды шараларды өткізуге бейімделеді.
Жаңа аренаның жобасын әйгілі британдық сәулетші Норман Фостер әзірлейді. Ол Астанадағы «Бәйтерек» монументін, жаңа Уэмбли стадионын, Apple компаниясының штаб-пәтерін және Германиядағы Рейхстаг ғимаратын жобалаған болатын.
Қазір «Манчестер Юнайтед» үйдегі ойындарын «Олд Траффордта» өткізеді. Бұл стадион 1910 жылы салынған және соңғы жылдары инфрақұрылымдық проблемалары жиі айтылып жүр.