Футболдан әлем чемпионатын 4 рет жеңіп алған даңқты футболшы қайтыс болды

Редактор
06.01.2024, 17:19

Ол екі рет ойыншы ретінде, екі рет бапкер ретінде мундиальдың алтынын алған

AFP

Бразилия футболының ардагері Марио Загалло 93 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы даңқты футболшының Instagram-парақшасына оның жақындары жазды.

Соңғы уақытта Загалло ауруханаға жиі түсетін.

«Біздің мәңгілік әлем чемпионымыз Марио Загаллоның қайтыс болғанын қайғыра отырып хабарлаймыз. Ол асқар тау әке, сүйікті ата, сенімді дос, өз кәсібінің маманы және ұлы адам бола білді. Бізге ұлы мұрасын қалдырған патриот азамат еді. Өзіңмен бір уақытта өмір сүріп, бірге араласқанымыз үшін құдайға тек мадақ айтамыз», - деп жазылған Загаллоның туыстары қалдырған жазбада.

2022 жылы Пеле қайтыс болғаннан кейін Марио Загалло 1958 жылғы әлем чемпионатын жеңіп алған жалғыз тірі футболшы болған. Ол сондай-ақ, 1962 жылы да Бразилия құрамасымен әлем чемпионы болды. Ал, 1970 жылы ұлттық құраманың бас бапкері ретінде әлем чемпионатының алтын медалін мойнына тақты. 1994 жылы Бразилия құрамасы чемпион болғанда Загалло бас бапкерінің көмекшісі болған.