Мемлекет басшысы теннисшіге жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді
2024 жылдың алғашқы жарысын жеңіп алған қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Айта кетейік, Рыбакина WTA 500 - Brisbane International турнирін жеңіп алды. Финалда ол әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңген болатын.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты теннисші, Уимблдон турнирінің чемпионы Елена Рыбакинаны Австралияда өткен беделді жарыстағы сенімді жеңісімен құттықтап, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді», - делінген аталған жазбада.
Рыбакина осы жеңісі үшін жарыс ұйымдастырушыларынан 220 мың доллар сыйақы алды.