Самат Смақов төрешінің жұмысына көңілі толмай, ақыры алаңнан қуылып тынды
Талдықорғанның «Жетісу» клубы премьер-лиганың 5-туры аясында сырт алаңда «Ордабасыдан» жеңілді.
Матчта қонақ команданың бас бапкері Самат Смақов төрешінің жұмысына көңілі толмай, ақыры алаңнан қуылып тынды. Ойыннан кейін Смақов іште жиналып қалған біраз мәселені айтты.
«13 адамға қарсы ойнау оңай емес. Негізі ешқашан төрешілер бригадасына қарсы ештеңе айтпайтынмын. Бірақ бүгінгі әрекеттері таза бассыздық. Мен бұл төрешінің осы ойынға тағайындалатынын 4 күн бұрын білгенмін. Ол өзі төрешілер департаментінде бір бөлімді басқарады. Сондықтан ол өз-өзін тағайындайды», - дейді Самат Смақов.
Ол қазақ футболы қай бағытқа кетіп бара жатқанын білмейм деп отыр.
Жыл сайын жағдай нашарлап, төмен қарай сырғып барамыз. Мен ешқашан «Ордабасы» сияқты ҚПЛ-дағы бай команданың бюджеті ең төменгі клубтың бірін қара форма киген төрешінің көмегімен жеңеді деп ойламаппым. Осындай бассыздықтар жалғаса берсе, біз ешқашан әлем немесе Еуропа чемпионатына қатыса алмаймыз. Менің «Ордабасы» клубына, ойыншыларына тағар айыбым жоқ. Тек осындай төрешіні тағайындаған жоғарыдағы футбол басшыларына ғана айтарым бар. Көрші бауырлас Өзбекстан алдыға кетті. Тәжікстан 17 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатына қатыспақшы. Енді Молдова мен Үндістан да озуы мүмкін», - дейді «Жетісу» бапкері.