Винисиусті «маймыл» деп мазақ еткендер түрмеге қамалды

21.05.2025, 23:59

Олар түрмеден шыққаннан кейін де футбол көруге бара алмайды

Getty Images

Испанияда футбол алаңындағы нәсілшілдік пен гомофобиялық қорлау фактісі бойынша алғаш рет нақты түрме жазасы кесілді.

«Реал Мадрид» ойыншысы Винисиус Жуниорға қарсы ауыр сөздер айтқан «Вальядолид» клубының бес жанкүйері алдағы бір жылын енді түрмеде өткізеді.

2022 жылдың желтоқсан айында өткен «Реал Мадрид» пен «Реал Вальядолид» арасындағы ойында бірнеше жанкүйер Винисиус Жуниорды «маймыл», «гей» деп балағаттап, ашық түрде қорлаған. Бұл жағдай әлеуметтік желі мен халықаралық спорт қауымдастығында үлкен резонанс тудырған болатын.

Осы іс бойынша жүргізілген тергеу нәтижесінде Вальядолид провинциясының соты үкім шығарды. Атап айтқанда, бейнебақылау камералары арқылы анықталған бес фанат айыпты деп танылып, бесеуі де бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай—ақ оларға 3 жыл бойы футбол стадиондарына кіруге тыйым салынды.

Айта кетейік, бұл – Испания футболындағы нәсілшілдікке қарсы алғашқы нақты үкім. 

Винисиус болса бұған дейін бірнеше рет алаңда нәсілшілдікке ұшыраған. Ол Instagram мен Twitter-де жүйелі кемсітуді тоқтатуды талап етіп, Испаниядағы жағдайды ашық сынға алып келеді.